Семейде медициналық жедел жәрдем ауруханасының базасында жаңа политравма және ортопедия орталығы ашылмақ

2018 жылы Семейде жаңа политравма және ортопедия, гематологиялық орталықтары ашылады. Сонымен қатар, «Рухани Жанғыру» бағдарламасы аясында ШҚО дәстүрлі қазақ медицина орталығы құрылады. Бірегей орталықтар, кадрларды қайта даярлау және заманауи жабдықтармен қамтуға бағытталған іс-шаралар легі аймақтағы медицина саласына тың серпін берері сөзсіз.  

 

ШҚО Азия кеңестігінде баламасы жоқ бірегей, үздік технологиялар қатары шоғырланған гематологиялық орталықтың жобалау жұмысы аяқталу үстінде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен алдағы таңда Семейде де алғашқы политравма және ортопедия орталығы ашылмақ. 

– Семейде медициналық жедел жәрдем ауруханасының негізінде ашылатын жаңа политравма және ортопедия орталығы республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші мамандарымен бірге ішкі протездеу және күрделі жарақаттарды емдеу үшін ең озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, - деді облыс денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов. - Бұл жерде Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының рөлі өте маңызды, себебі бұл аурухана ШҚО 9 ауданына қызмет етеді.

Медициналық жедел жәрдем ауруханасында қазіргі таңда мультимедиалық құралдармен жабдықталған ота жасау бөлімі, инсульт орталығы, ондағы науқастарын ерте қалпына келтіруге залы қызмет етеді. Бұдан бөлек, физиотерапия бөлімі, жаңа құралдармен жабдықталған екі бірдей гимнастика бөлмесі де бар. Мұнда сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сәйкес науқастардың өз сырқаттарын басқаруға үйрететін түрлі мектептер жұмыс жасайды. Ал аурухана мамандары жыл сайын шет елде біліктіліктерін көтеріп, арнайы курстардан өтеді. Бұл ретте аймақ басшысы арнайы облыстық бағдарламаның арқасында өңірдің денсаулық сақтау саласы толық жетілдіріліп, жаңарудан өтетін айтады.

– Денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі элементтері - медицина қызметкерлерін үнемі дайындау, әлемдік медициналық стандарттарды қатаң сақтау болып табылады. Келесі жылы облыстың барлық медициналық мекемелері орта деңгейдегі әлемдік жабдықтармен қамтылатын болады. Осылай, бес жылдың ішінде өңір медицинасының бәсекеге қабілеттілігі бірнеше есе артатынына толық сенімдімін. Бұдан бөлек, «Рухани Жанғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі қазақ медицина орталығын ашамыз. Мен халық медицинасы жақсы дамыған Қытайда болып қайттым. Өткенді ұмытпауымыз керек. Бабалар мұрасын, олардың тәжірибелерін кеңінен қолдансақ, ұтарымыз көп болмак, – деді Даниал Ахметов. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі